Бала асырап алуға қатысты нұсқаулық

a. Kім асырап алушы бола алады/бола алмайды:

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі

3-БӨЛІМ. ОТБАСЫ

13-тарау. БАЛА АСЫРАП АЛУ

91-бап. Бала асырап алушы болуға құқығы бар адамдар

      1. Бала асырап алушы адамның отбасында баланың қалыпты дене бітімі, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуы, тәрбиеленуi және бiлiм алуы үшiн жағдайлар болған кезде бала асырап алуға рұқсат етiледi.

      2. Мыналарды:

      1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдарды;

      2) сот біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыптыларды;

      3) сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;

      4) өзiне Қазақстан Республикасының заңдарында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдарды;

      5) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшiн жойса, бұрынғы бала асырап алушыларды;

      6) денсаулық жағдайына байланысты ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда. Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулар болған кезде, олардың тiзбесiн денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгiлейдi;

      7) тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды;

      8) дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдарды;

      9) асырап алған кезде қасақана қылмыс жасағаны үшін жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдарды, сондай-ақ осы тармақтың 14) тармақшасында аталған адамдарды;

      10) азаматтығы жоқ адамдарды;

      11) анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдарды;

      12) асырап алған кезде асырап алынған баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдарды;

      13) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдарды;

      14) адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халық денсаулығына және имандылыққа, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдарды (өздеріне қатысты қылмыстық қудалау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары негізінде тоқтатылған адамдарды қоспағанда);

      15) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен психологиялық даярлықтан өтпеген Қазақстан Республикасының азаматтарын (баланың жақын туыстарын қоспағанда) қоспағанда, кәмелетке толған адамдар бала асырап алушылар болуы мүмкін.

      3. Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты болмаған) адамдар сол бiр баланы бiрлесiп асырап ала алмайды.

      4. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарын психологиялық даярлауды жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдар, сондай-ақ жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары көрсетілген ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарын психологиялық даярлау бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптарды, оларды психологиялық даярлау жөніндегі қызметті ұйымдастыру тәртібін және осындай даярлықтан өткені туралы сертификаттың нысанын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.

      Ескерту. 91-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

92-бап. Бала асырап алушы мен асырап алынушы бала арасындағы жас айырмасы

      1. Бала асырап алушы мен асырап алынушы баланың жас айырмасы кем дегенде он алты жас болуға тиіс. Сот дәлелді деп таныған себептер бойынша жас айырмасы қысқартылуы мүмкін.

      2. Өгей әкесi (өгей шешесi) бала асырап алған кезде, осы баптың 1-тармағында белгiленген жас айырмасының болуы талап етiлмейдi.

      Ескерту. 92-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

b. Aсырап алуға болатын балалар:

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі

3-БӨЛІМ. ОТБАСЫ

13-тарау. БАЛА АСЫРАП АЛУ

84-бап. Асырап алуға жол берілетін балалар

1. Тууы осы Кодексте белгіленген тәртіппен тіркелген және толық тән саулығы, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуын қамтамасыз ету мүмкіндіктері ескеріле отырып, кәмелетке толмаған балаларға қатысты тек қана солардың мүддесінде асырап алуға жол беріледі.

      Бұл ретте баланың жас мөлшері, естиярлық дәрежесі және өзін асырап алуға келісімі ескеріледі.

      2. Жалғыз ата-анасы немесе екеуі де:

      1) қайтыс болған;

      2) баладан бас тартқан;

      3) ата-ана құқықтарынан айрылған және олар қалпына келтірілмеген;

      4) туыстарына, асырап алынатын баланың (балалардың) анасымен немесе әкесімен некеде (ерлі-зайыптылықта) тұратын адамдарға баланы асырап алуға келісім берген;

      5) сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған;

      6) белгісіз болған жағдайда, балалар асырап алуға жатады.

      3. Осы баптың 2-тармағының 1) — 3), 5) және 6) тармақшаларында аталған, Республикалық деректер банкінде есепте тұрған балалар азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, балалардың туыстарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен асырап алуға берілуі мүмкін.

      4. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, Республикалық деректер банкінде орталықтандырылған есепте тұрған балалар Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға берілуі мүмкін.

      Баланы туыстары, Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары асырап алмаған жағдайларда ғана Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, Республикалық деректер банкінде орталықтандырылған есепте тұрған балалар шетелдіктерге асырап алуға берілуі мүмкін.

      Шетелдіктердің бала асырап алуы туралы істерді қараған кезде сот азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан баланың туыстарының не Қазақстан Республикасы азаматтарының осы баланы бірінші кезекте асырап алу құқығын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының іске асырғанын анықтауға міндетті.

      5. Шетелдіктердің бала асырап алуына балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында Қазақстан Республикасымен тең мәнді халықаралық міндеттемелері бар елдердің азаматтарына ғана рұқсат етіледі.

      6. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      7. Осы баптың 2-тармағының 1) — 3), 5) және 6) тармақшаларында аталған балаларды асырап алуға беру туралы рұқсатты қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган комиссия қорытындысы негізінде береді.

      8. Комиссияның қызмет тәртібі мен құрамын Қазақстан Республикасының балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.

      Ескерту. 84-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 09.04.2016 № 501-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

c. Aсырап алуға жататын жетім балаларды есепке алу:

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі

4-БӨЛІМ. Қорғаншылық немесе қамқоршылық, Республикалық деректер банкі, баланы қабылдайтын және бала қонақтайтын отбасылар

Ескерту. 4-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда — ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

15-тарау. ЖЕТІМ БАЛАЛАРДЫ, АТА-АНАЛАРЫНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛАЛАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ОРНАЛАСТЫРУ

117-бап. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау және есепке алу

      1. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтауды ата-ананың қамқорлығының болмауы туралы өздеріне белгілі болған барлық жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.

      2. Жеке және заңды тұлғалар жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы олардың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарды кешіктірмей хабардар етуге міндетті.

      3. Медициналық ұйымдардың лауазымды адамдары жаңа туған бала қалдырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органына бұл туралы хабарлауға міндетті.

      4. Жергілікті атқарушы орган оның ата-аналары немесе оның туыстары жағынан қамқорлықтың болмау фактісі анықталған кезде, мәліметтер алынған күннен бастап үш күн ішінде баланың тұрмыс жағдайын зерттеп-қарап шығуға және баланы орналастыру туралы мәселе шешілгенге дейін оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.

      5. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұратын жері бойынша олар туралы мәліметтер түскен күннен бастап бір ай ішінде баланы орналастыруды қамтамасыз етеді (Республикалық деректер банкінің бастапқы есебіне алу).

      Баланы отбасына тәрбиеге беру мүмкін болмаған кезде Республикалық деректер банкінің өңірлік есебіне алу және кейіннен баланы Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасына тәрбиелеуге орналастыруда жәрдем көрсету үшін бір ай өткен соң бала туралы мәліметтерді тиісті аумақтық-әкімшілік бірліктердің қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органына жібереді.

      6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, баланы қабылдайтын отбасына, патронат тәрбиешілердің отбасына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған кезде өзіне бала туралы мәліметтер түскен күннен бастап екі ай мерзім өткен соң жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Республикалық деректер банкінің орталықтандырылған есебіне қою үшін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына хабарлауға міндетті.

      Жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алуды ұйымдастыру және олар туралы ақпаратқа қол жеткізу тәртібін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.

      Ескерту. 117-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.